Атырауда әрқайсысы 7 млн теңгеге сатып алынған қоғамдық дәретханалар пайдаланушылар үшін ақылы болмақ. Жергілікті билік оны 10 жылға сенімгерлік басқаруға бергелі отыр.
Әжетхананың тазалығы мен ұзақ уақыт пайдаға жарауын қадағалауға да бір адам керек дейді олар. Бюджет қаржысына сатып алынған 5 әжетхананың әзірге үшеуі ғана орнатылған. Олар Жеңіс саябағы, Махамбет-Исатай алаңы мен Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасында тұр.
Гүлхан ҒАЛЫМЖАНОВА, Атырау қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары:
– Дәретханалардың өзін жеке сенімгерлік басқаруға беріп жатқан жоқпыз, қазір Жеңіс саябағын сенімгерлік басқаруға беруге тендер жарияланды. Тендер 25-тамызда ашылады. Парк аумағындағы қоғамдық дәретханаларды паркпен бірге таза күтіп ұстау сенімгерші басқарушының міндетіне кіреді. Қазіргі уақытта Махамбет-Исатай алаңын тендерге жариялау жүргізіліп жатыр.
Үшінші дәретхана пайдалануға дайын тұр. Алғашында коммуникация тартылмағандығы себепті ұзақ уақыт тұрып қалған орынның қазір жарығы жүргізіліп, кәріз жүйесіне қосылған. Болашақта ол да сатып алу құқығынсыз сенімгерге беріледі.
Аңсаған САҒЫНБАЕВА, Атырау қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Әлі орнатылмаған екі дәретхананың орнын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біріншіден, орны ашық алаң болу керек. Барлық коммуникациялық жүйесі тартылған болуы керек. Және халық көп шоғырланған жер болу керек. Осының барлығын ескере келе тамыз айының аяғына дейін орнатып боламыз деген жоспарымыз бар.
Жауаптылар бір жыл бойы орын таппай жүргенде дәретхананың кей бөліктері пайдаға жарамай қалса, кімді кінәларымызды осы бастан анықтап алған дұрыс сияқты.