Маңғыстау облысынан ҚР Парламенті Сенатына депутат болып «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев сайланды. Ол сайлау қорытындысы бойынша 87 дауыс жинаған.
Облыс бойынша Сенат депутаттығына өту үшін «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев, «Азаматтарға арналған үкімет» МО бойынша филиалының директоры Ербол Байжігіт, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Шолпан Илмұханбетова, «Ақтау теңізі порты» АЭА басқарма төрағасы Бекбол Орынбасаров, «Кардиология және ішкі аурулар» медицина орталығы ЖШС директоры Нұрлан Тілепов өтініш берген еді.
Тапсырған құжаттардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп, 3 адам ҚР Сенат депутаттығына кандидат ретінде ресми тіркелді. Алайда «Кардиология және ішкі аурулар» медицина орталығы ЖШС директоры Нұрлан Тілепов өз құжатын қайтарып, сайлауға түсуден бас тартты. Осылайша сайлау бюллетеніне қалған екі кандидаттың есімі енгізілген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов хабарлады.