Caspianlife, 8 қазан. Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстан Республикасының Сауда және қоғамдық тамақтану саласындағы республикалық қауымдастығы мектеп асханаларында заңсыз және бақылаусыз «тексерулерді» шектеу туралы бастама көтерді.
Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаева хабарлады. Оның айтуынша, отырыс барысында қауымдастық вице-президенті Марина Лаптева соңғы кезде өңірлерде блогерлер, партия және қоғамдық ұйым өкілдері мектептердің ас дайындау бөлмелеріне өз беттерінше кіріп, мұны «мониторинг» деп көрсетіп, іс жүзінде рұқсатсыз тексерулер жүргізіп жүргенін айтты.
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлер кейбір лауазымды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан өкілеттіктердің асыра пайдаланылуына жиі тап болуда. Мұндай әрекеттер заңды бұзып қана қоймай, мектеп асханасы қызметкерлеріне үнемі қысым көрсететін атмосфера қалыптастырады. Адамдар кез келген сәтте оларды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап, теріс көзқарас қалыптастырады деп қорқады», — деді Марина Лаптева.
Оның айтуынша, мектептегі тамақтандыру жүйесі — ең ашық әрі қатаң реттелетін салалардың бірі. Бақылау жүйесіне келесі тетіктер кіреді:
-
тағам сапасын күн сайын медицина қызметкерінің тексеруі;
-
мектеп директорын, ата-аналарды және медицина қызметкерлерін қамтитын бракераждық комиссиялардың тұрақты жұмысы;
-
санитарлық қызметтің тексерулері;
-
ведомствоаралық сараптамалық топтардың жұмысы;
-
2025 жылдың қаңтарынан бастап – ескерту жасамай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының жоспардан тыс тексерулер жүргізу мүмкіндігі.
Алайда соңғы уақытта кейбір партия өкілдері, блогерлер мен белсенділер мектеп мекемелеріне еркін кіріп, тіпті асхана бөлімдеріне дейін өтіп жүрген жағдайлар жиілеген, бұл заңға қайшы келеді.
«Заң бойынша тамақ жеткізушілердің қызметін кім және қандай тәртіппен тексере алатыны нақты көрсетілген. Басқа кез келген тексеру заңсыз болып саналады. Мұндай істер бойынша алғашқы сот шешімдері де бар, соның ішінде қоғамдық кеңес төрағаларының бірі туралы да шешім шығарылды», — деп атап өтті М. Лаптева.
Қауымдастық заңды бақылау түрлерін қолдайтынын, бірақ тексерулер тек уәкілетті органдар тарапынан және заң шеңберінде жүргізілуі тиіс екенін мәлімдеді. Әйтпесе, тек бизнеске ғана емес, сонымен қатар мектеп асханаларында еңбек ететін аспаздар, техникалық қызметкерлер мен медицина мамандарының беделіне де нұқсан келеді.
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзиннің айтуынша, Білім министрлігі өңірлерге арнайы нұсқау жіберген: кез келген комиссия мүшелері тек ас ішу залында бола алады, ал ас дайындайтын бөлікке кіруге тыйым салынған.
Кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев мұндай кәсіпкерлердің құқықтарын шектеу фактілерін жол беруге болмайтынын айтып, прокуратура өкілдерін бұл бағытта шара қолдануға және өңірде осындай жағдайлардың алдын алуға шақырды.
Атырау қаласы прокуратурасының аға прокуроры Мирас Бауржанов профилактикалық жұмыс жүргізуге, мүдделі ұйымдарға түсіндірме хаттар жолдауға және өзге өңірлердегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша сот тәжірибесін зерделеуге дайын екенін білдірді.
«Егер бұл медиа-қысым мен хайп толқынын тоқтатпасақ, жақында мектеп асханаларында жұмыс істейтін адамдар қалмайды. Біз барлық тарапты заң аясында әрекет етуге және балаларымызды күн сайын қауіпсіз тағаммен қамтамасыз етіп жүрген адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырамыз», — деді Марина Лаптева.
Отырыс қорытындысында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің хатшылығының меңгерушісі Сарсенбай Жолдыбаев бұл мәселені шешу үшін Кеңес атынан «Атамекен» ҰКП-ның орталық аппараты арқылы салалық ведомстволарға тиісті ұсынымдар жолданатынын атап өтті.

