Атырауда бейнекамералардың көмегімен тонау, көлікпен адам қағу, төбелес сияқты 96 қылмыстық іс әшкереленді. Осылайша, камера арқылы ашылған қылмыстың саны өткен жылдың алғашқы 7 айымен салыстырғанда екі есе көбейген.
Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда тәртіп бұзып, жер-жерде орнатылған 700-ден астам камераның қырағы көзіне іліккендерде есеп жоқ.
Гүлмира ТӨЛЕГЕНОВА, Атырау қалалық ПБ Жедел басқару орталығының күш құралдарымен басқару тобының кезекші аға инспекторы:
– Осы жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша, бейнебақылау арқылы 8000-ға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, темекі тұқылын лақтыру, шемішке шағу, суға түсу сияқты заңсыздықтар бар. Анықталған фактілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бейнекамералардың назарынан жол қозғалысы ережесін бұзғандар да тыс қалмапты. Жыл басынан бері осы санаттағы 6000-нан аса жағдай тіркелген. Қазіргі уақытта тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналған бақылау камералары орталық көшелер мен қиылыстарда, саябақтар мен жағалауларда және тұрғын үйлердің ауласында орнатылған.