Бүгінде Ақтау халықаралық теңіз сауда портындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мұнда карантин режимі қатаң бақыланады.
Сақтық ретінде айлақтың кез келген нүктесінде автоматтандырылған өрт сөндіру құрылғысы да орнатылған. Әсіресе, порт арқылы жөнелтілетін ең қауіпті жүк – мұнайды тасымалдау әдісі де өте күрделі.
Әмір АТАМБАЕВ, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас инженері:
– Біздің портта қара алтынды тиеп, оны тасымалдау үшін барлық қауіпсіздік ережесі мен талаптар толыққанды сақталған. Ал жанғыш және жарылу қаупі бар жүктерді мүлде тасымалдамаймыз. Оны әлдеқашан тоқтатып тастағанбыз. Кез келген қауіптің алдын алуға техникалық мүмкіндігіміз жетеді.
Бұл жерде жыл соңына дейін 2 млн тонна мұнай тасымалдау жоспарланып отыр. Одан бөлек, порт арқылы құрылыс заттары, азық-түлік және түрлі тауар өнімдерін қоспағанда, 1 млн тоннаға дейін астық пен 30 мың тонналық контейнер жүктері де тасымалданбақ. Қазір карантинге байланысты теңіз портының жұмысы 50 пайызға қысқарған. Жалпы, бұл портта 500-ге жуық адам еңбек етеді. Негізгі мамандардан өзгелері қашықтан жұмыс істеуге көшкен.
Таңжарық ҚОЗЫБАЕВ, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының қызметкері:
– 2000 жылдан бері бері жұмыс істеймін. Жұмыс бар. Тас, цемент сияқты Ираннан келген жүктерді кранмен көтеріп тиейміз. Контейнерлерді вагонға жүктейміз.
Осы порт арқылы жүктің дені Әзербайжан, Иран, Қытай және Батыс Еуропаға жіберілуде.