CaspianLife, 2 мамыр. Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өткен Балқан халықаралық математикалық олимпиадасы аяқталды. Олимпиадаға 22 елден мектеп оқушылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық оқушылар ел қоржынына үш күміс және үш қола медаль салып, 100% медальдық көрсеткіш көрсетті.
Қазақстандық оқушылар жалпы алты медаль иеленді:
-
Күміс жүлде иегерлері:• Амир Сахипов — Алматы қаласындағы РФММ-нің 11-сынып оқушысы;• Марғұлан Шарел — Астана қаласындағы Spectrum мектебінің 11-сынып оқушысы;• Элдар Үсенов — Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы.Қола медаль иегерлері:• Дамир Нұрланов — Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;• Әмірлан Аманжолов — Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы;• Бердібек Орынбасар — Атырау облысындағы №1 «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.«BMO олимпиадасына қатысу – Қазақстан құрамасының шілде айында Австралияның Квинсленд қаласында өтетін халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO) дайындығындағы маңызды кезең. Мемлекетке жас таланттарды қолдағаны үшін, сондай-ақ ұстаздарыма және барлық жаттықтырушы командаға кәсіби дайындық үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деді олимпиаданың күміс жүлдегері Марғұлан Шарел.Ұлттық құраманың жаттықтырушылары – Асылбек Исахов пен Мұхтар Қабақ.
Министрлік мәліметінше, бұл – біздің оқушылардың екінші рекордтық нәтижесі. 2024 жылы да қазақстандық оқушылар математикалық олимпиадада үздік үштікке енген болатын.