Caspianlife, 30 сәуір. Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Lester Invest Group» ЖШС бас директоры Ақылбек Ахметовпен кездесті.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Ақтау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жөніндегі инвестициялық жоба талқыланды. Жобаның басты мақсаты – күн сайын 200 тонна қоқысты өңдеп, жылына 26,5 миллион кВт/сағ электр энергиясын өндіру.
«Зауытта қуаты 7 МВт болатын қазандық орнатылады, қалдықтарды өңдеуде заманауи технологиялар негізінде қауіпсіз әрі тиімді процесс енгізіледі», – делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.
Әкімдіктің мәліметінше, Ақтау қаласында 2020 жылдан 2023 жылға дейін жыл сайын 85 мыңнан 94 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық жиналған. Соның шамамен 75%-ы энергияға айналдыруға жарамды.