CaspianLife, 23 сәуір. Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) балалар қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін білдіріп, ата-аналарды барынша мұқият болуға шақырады.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан (22 сәуірдегі жағдай бойынша) бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің 112 пультіне көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауына қатысты 34 хабарлама келіп түскен. Соның салдарынан үш бала көз жұмып, қалғандары әртүрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жатқызылған.
«Оқиғалар Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Абай мен Ұлытау облыстарында тіркелді», – делінген хабарламада.
Бұрынғы жылдардағыдай, негізгі себеп – ересектер тарапынан жеткіліксіз бақылау. Балалар үлкендердің қарауынсыз қалып, терезе алдына шығып, жиһаздарды тірек ретінде пайдаланып, немесе шыбын торларға сүйенеді. Алайда, шыбын торлар салмақты көтере алмай, баланың құлауына себеп болады.
Өткен жылы 2 мен 13 жас аралығындағы балалардың терезеден құлауына байланысты 173 жағдай тіркелген. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін, әр ата-анаға баланы терезеден немесе балконнан құлап кету қаупінен сақтау шараларын білу маңызды:
-
Үйде кішкентай бала болған жағдайда, терезелерді ашық қалдырмаңыз.
-
Терезеге арнайы қорғаныс орнатылмаған жағдайда шыбын торларды пайдаланбаңыз – балалар оларды сенімді тірек деп ойлап, сүйеніп, бірге құлап кетуі мүмкін.
-
Балалар терезені өз бетінше аша алмауы үшін қауіпсіздік құлпыларын орнатыңыз.
-
Әсіресе терезе мен шыны есіктер маңында ойнап жүрген кезде, балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
-
Балалар терезе алдына шығып кетпес үшін, терезе маңында жиһаз қоймаңыз.