Caspianlife, 22 сәуір. Жедел жәрдемнің келуін ұзақ күтуге қатысты шағымдарға байланысты және шұғыл қызмет жұмысын тиімді ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы мобильді бригадалардың жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізіп отыр. Бұл өзгерістер 2025 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жаңашылдықтар азаматтардың 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру құқығын шектемейді.
Төртінші шұғылдық санатына өмірге қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық көмек қажет ететін жағдайлар жатады. Мысалы, жоғары қан қысымы, дене қызуы, жеңіл жарақаттар сияқты шағымдар.
1 мамырдан не өзгереді:
-
Емханалар жанындағы мобильді бригадалар тек олардың жұмыс уақыты ішінде — сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді;
-
Төртінші санаттағы шақыртулар (өмірге тікелей қауіп төндірмейтін) осы мобильді бригадаларға бағытталады;
-
Сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртулар, соның ішінде 4-санат, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадаларымен қамтамасыз етіледі.
Статистикаға сәйкес, жедел жәрдем шақырулардың 50%-дан астамы — дәл осы төртінші санатқа жатады, яғни көбіне созылмалы аурулардың асқынуымен байланысты. Бұл өз кезегінде өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге кедергі келтіруі мүмкін.
Аталған өзгерістер жүктемені оңтайландырып, күту уақытын қысқартып, жалпы жедел медициналық көмек жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Енді алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) мобильді бригадалары науқастардың үйлеріне барып, жоспарлы тексерулер жүргізеді. Бұл — халықтың денсаулығын уақтылы бақылауға және аурудың асқынуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
АМСК мобильді бригадалары әр 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар науқастың тіркелген мекенжайына қарамастан, нақты тұрған жеріне қызмет көрсетеді.
Қажеттілік туындаған жағдайда, бұл бригадаларға тар бейінді мамандар қосылады: балаларға — педиатр, ересектерге — кардиолог, невропатолог және басқа мамандар.
Жедел жәрдем шақыру тәртібі өзгермейді — азаматтар бұрынғыдай 103 нөміріне хабарласып, тәуліктің кез келген уақытында жедел көмек шақыра алады. Егер жағдай шұғыл әрі өмірге қауіп төндіретін болса, жедел жәрдем күн мен түнге, апта күндеріне қарамастан жетеді.
АМСК мобильді бригадасының келу уақыты — 60 минутқа дейін. Ал аса шұғыл шақыртулар үшін келу уақыты нормативтері:
-
1-санат — 10 минут,
-
2-санат — 15 минут,
-
3-санат — 30 минут.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 2,1 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 4-санатқа — 763 463 шақырту тіркелген, оның 518 мыңнан астамын АМСК мобильді бригадалары қабылдаған.
1-санат бойынша — 104 443,
2-санат — 642 312,
3-санат — 574 580 шақырту орын алған.
Реанимациялық шаралардың сәттілік көрсеткіші 55,6%-ға дейін өсті. Бұл — жедел көмектің сапасы жақсарып келе жатқанын көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, жедел медициналық көмек барша азаматтарға бұрынғыша қолжетімді. Бұл өзгерістер жүйенің тиімділігін арттырып, медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған.