CaspianLife, 31 наурыз. Бүгін Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында болашақ «Силлено» полиэтилен зауытының іргетасына алғашқы қазығы қағылды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ауқымды құрылыс жұмыстарына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «СИБУР» басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Ляхович және Sinopec аға вице-президенті Ван Тао ресми түрде бастау берді.
Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін және 7 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салынатын зауыттың құрылысы 2028 жылы аяқталып, 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланған. «Силлено» Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі болмақ. Кәсіпорын өнеркәсіптің негізгі салаларында қолданылатын 20-дан астам маркадағы полиэтилен өндіреді.
Жоба құрылыс кезеңінің өзінде ұлттық экономикаға мультипликативті оң әсерін тигізеді және Қазақстанның өңделген өнім экспортының өсуіне ықпал етеді. «Силлено» өнімдері полиэтилен импортының орнын басуда маңызды рөл атқарып, импорттық сұрыптардың шамамен 90%-ын алмастырады. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы Қазақстандағы полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тоннаны құраған, ал сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстандық полиэтилен тұтынушыларынан түсетін сұраныстың негізгі бөлігі «Силлено» өнімдерімен қамтамасыз етіледі.
Зауыттың іске қосылуы құрылыс кезеңінде 8 мың, ал өндіріс басталғаннан кейін 800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Полиэтилен өндіруге қажетті шикізат – этан «ҚазМұнайГаз» жүзеге асырып жатқан Газды бөлу кешенінде «Теңізшевройл» кен орындарынан алынған газдан бөлініп, «Силленоға» магистральды құбыр арқылы жеткізіледі. Бұл құбырды да «ҚазМұнайГаз» салады.
Болашақ кешен аясында пиролиз қондырғысы (АҚШ-тың Lummus технологиясы бойынша), этиленді полимерлеу қондырғылары (Chevron Phillips Chemical және Univation Technologies – АҚШ), бутен өндіру қондырғысы (Axens – Франция) салынады.
Мұнай-газ химиясы саласындағы әлемдік көшбасшылардың технологиялық шешімдері жаңа өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жоғары сенімділік пен қоршаған ортаға ең төмен әсер етуді кепілдейді.
Құрылыс алаңындағы алғашқы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысын орнатудан басталды. Оның EPC-мердігерлері – Испанияның Tecnicas Reunidas компаниясы мен Қытайдың Sinopec Engineering Incorporation консорциумы.
🔹 Анықтама:
Жобаны «Силлено» компаниясы жүзеге асырады, оның акционерлері – «ҚазМұнайГаз» АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «СИБУР Холдинг» ПАО (30%).
Зауыт Қазақстанның полиэтиленге деген ішкі сұранысын қамтамасыз етіп, ТМД елдері, Еуропа, Қытай және Түркияға өнім жеткізуді жоспарлап отыр.
Полиэтилен – көптеген дайын өнімдерде қолданылатын негізгі шикізат. Олардың қатарында су, газ, канализация, вентиляция, жылыту жүйелеріне арналған құбырлар мен клапандар, электр және жылу оқшаулайтын материалдар, қайықтар мен жол талғамайтын көліктерге арналған корпус, техникалық жабдықтар, тұрмыстық техника, медициналық жабдықтар, автобөлшектер, ойыншықтар, барлық маркалы пленкалар, ыдыс (бутылкалар, қораптар, канистрлер және басқа), сондай-ақ тұрмыста да, өнеркәсіпте де кеңінен қолданылатын басқа да тауар түрлері бар.