Әлеуметтік желіде Жылыой ауданының тұрғыны бұрынғы әйелін жұмыс орнында пышақтап кеткені жөнінде ақпарат тарады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық полиция департаментінен білгеніміздей, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Шоқпартоғай ауылының тұрғынын жасырынуға әрекеттенгеніне қарамастан жедел түрде қолға түсірген.
«Жылыой ауданы, Құлсары қаласында болған оқиға бойынша кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу басталды. 33 жастағы күдікті ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайды» дейді полиция департаментіндегі мамандар.
Жұрттың жағасын ұстатқан жайтқа нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Тек марқұм әйелдің Жаңа Қаратон ауылының тұрғыны екені және артында екі баласы қалғаны белгілі.