CaspianLife, 19 наурыз. Жыл басынан бері Атырау қаласының прокуратурасы 200-ден астам баланың құқықтарын қорғады. Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның 24 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратураның мәліметінше, мысалы, полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша қорғаушының қатысуынсыз хаттамалар толтырған. Прокурордың наразылығы бойынша осындай 197 хаттама жойылды.
Сондай-ақ, мүгедек балаларға үйде оқу бойынша мемлекеттік жәрдемақы берілмегені және жетім балаларды тұрғын үй кезегіне қою шаралары қабылданбағаны анықталды.
Прокурорлық әрекет ету шаралары аясында үш жетім бала тұрғын үй алу үшін кезекке қойылды, жеті мүгедек балаға үйде оқуы үшін тиісті жәрдемақы төленді. Нәтижесінде прокуратураның араласуымен жетім балалар мен мүгедек балалардың конституциялық құқықтары қорғалды.
Бұдан бөлек, прокурорлар зиянды интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілердегі суицид пен есірткіні насихаттайтын 85-тен астам зиянды чаттар мен парақшаларды бұғаттау бойынша шаралар қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.
(Атырау облыстық прокуратурасының ақпараты бойынша)
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: CaspianLife редакциясының мұрағатынан