Caspianlife, 18 наурыз. Каспий теңізінің акваториясында әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Серік Борамбаевтың басшылығымен оқу-жаттығу өтті.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов бақылады.
Оқу-жаттығу бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилігін арттыруға, тактикалық деңгейдегі командирлердің дайындық деңгейін тексеруге және асимметриялық қауіп-қатер жағдайында әскери іс-қимылдарға әзірлігін бағалауға бағытталды.
Үш кезеңдік командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмылдыру ресурстарын қабылдау пунктерін орналастыруды, ұсынылған жолдарды практикалық талдау, Ақтау теңіз порты кемелерінің кіруі мен шығуын, орналасу пунктерін және теңіз экономикалық қызметінің басқа да стратегиялық маңызды объектілерін күзету мен қорғауды қамтыды. Сонымен қатар, «күдікті» кемеге тексеру жүргізіліп, «апатты» кемеге көмек көрсету тапсырмалары орындалды.
«Оқу-жаттығу барысында теңіз миналарына, су үсті және әуе нысандарына тәжірибелік оқ атылды. Әртүрлі құралдармен «Камикадзе-катерлерінің», ұшқышсыз ұшу аппараттарының және әуе шабуылына қарсы қорғаныс шаралары пысықталды. Командалық-штабтық оқу-жаттығу ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге ықпал етті», – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.