CaspianLife, 12 наурыз. 7-9 наурыз аралығында Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдерімен және «Микробиология және вирусология» ғылыми-өндірістік орталығы мамандарымен бірге Каспий теңізінің жағалау сызығына мониторинг жүргізді.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) баспасөз қызметі хабарлады АШМ мәліметінше, қазіргі уақытта ауа райы жақсарып, итбалықтардың көпшілігі өздігінен табиғи мекеніне оралған. Іздеу жұмыстары барысында мамандар шамамен 30 жас итбалықты тауып, суға жіберді.
Сонымен қатар, 12 наурызда теңізден алысқа кеткен итбалықтарды анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен әуе бақылауы жоспарланған. Жағдай АШМ-ның бақылауында.
(Фото: Telegram-арна AGROPRESS)