CaspianLife, 7 наурыз. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің алқа отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Мекеме басшылығы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, 2025 жылға арналған жоспарларын баяндады. Алқа отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, елдің батыс өңірлерін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
«Бұл бағытта Ақтөбе облысындағы Көкжиде және Айшуақ жерасты су кен орындарының пайдаланылмаған әлеуеті бар. Аталған жобаның күтілетін тиімділігі айтарлықтай жоғары. Осыған байланысты, жобаны іске асырудың ықтимал тетіктерін пысықтауды жеделдетіп, тиісті ұсыныстарды Үкіметке енгізуді тапсырамын», – деді Қанат Бозымбаев ведомство басшылығына.
Сурет; Рахим койлыбаев