CaspianLife, 5 наурыз. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) «Fly Arystan» әуе тасымалдаушысының үстем жағдайын асыра пайдалану белгілерін анықтады.
БҚДА баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізілген талдау нәтижесінде авиабилеттердің құны брондау кезеңдерінде автоматты түрде қосылатын жасырын төлемдер есебінен артқаны белгілі болды.
«Атап айтқанда, әуе тасымалдаушы билет сатылымы кезінде транзакция үшін комиссия алып, авиабилет бағасын көтерген. Бұл еуропалық заңнамада мүлдем тыйым салынған «drip pricing» (тамшылап баға қосу) деп аталатын әдіс. Біз бұл фактілерді анықтап, әуе тасымалдаушысына монополияға қарсы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы хабарлама жолдадық. Ол кейіннен орындалды», – деді БҚДА төрағасы Марат Омаров агенттік алқасының отырысында.
Қазіргі уақытта Агенттік ішкі әуе тасымалы нарығына қатысты монополияға қарсы талдау жүргізіп жатыр.