CaspianLife, 3 наурыз. Жуырда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абат Ұрысбаев аймақ басшысы Нұрдаулет Қилыбайдың тапсырмасымен Стамбұл қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар келісімдерге қол жеткізді.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Маңғыстаудан 100 студент Түркияның Анталия және Мармарис қалаларында туризм саласы бойынша тегін тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 50-ге жуық дәрігер Medicana Health Group клиникасында кәсіби біліктілігін арттыруда.
Маңғыстау облысының білім басқармасы мен Түркияның «Курорттық аймақ» туристік қызметтер сауда акционерлік қоғамы арасында қол қойылған меморандум аймақтағы туризм және сервис саласына білікті мамандар даярлауға бағытталған. Осы келісім аясында маусым айынан бастап Мармаристегі Woxxx Hotels Group 50 студентті оқытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Тағы 50 студент Анталияда кәсіби білімін жетілдіреді. Барлық тағылымдамадан өтушілер тегін тамақпен қамтамасыз етіледі және оларға ай сайын жалақы төленеді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Medicana Health Group басқарма мүшесі Берк Бозкуртпен келіссөздер жүргізді. Кездесу нәтижесінде әртүрлі медициналық салалар бойынша өңірдегі медициналық мекемелерден 30-ға жуық дәрігер және 20 онколог дәрігер тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Medicana Health Group – Түркиядағы жетекші медициналық ұйымдардың бірі. Оның құрамында 14 аурухана, 11 медициналық орталық және 500-ден астам клиника бар. Жыл сайын 10 миллионнан астам науқасқа қызмет көрсететін бұл топ жоғары технологиялық емдеу әдістерін ұсынатын медициналық туризм саласының көшбасшысы ретінде танылған.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)