CaspianLife, 2 наурыз. Бүгін Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылында жеке тұрғын үйде бір отбасы газдан уланып қайтыс болды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері үй ішінде жеті адамның мәйітін анықтады, оның ішінде бесеуі – кәмелетке толмаған балалар.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы жағдай газ жабдығын дұрыс пайдаланбау салдарынан болған. Қаза тапқандар – Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары екені анықталды.
«Төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновтің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Қайтыс болған отбасының жақындарына жан-жақты көмек, соның ішінде жерлеу рәсіміне қолдау көрсетіледі. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Ақпарат көзі: www.caspianlife.kz