CaspianLife, 1 наурыз. Ақорда баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рамазан айының басталуына орай құттықтауын жариялады.
“Құрметті отандастар!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын!
Бұл – халқымыздың рухани өмірінде айрықша маңызы бар кезең. Ораза кезінде сабырлылық пен қанағатшылдық, жанашырлық пен қамқорлық секілді ізгі құндылықтар ерекше дәріптеледі. Азаматтарымыз мұқтаж жандарға көмек беріп, қайырымдылық жасауға ұмтылады. Мұның бәрі ислам дінінің гуманистік идеяларынан бастау алады.
Биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Мазмұны терең, мағынасы үндес қос мереке халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырады. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік!
Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Ниет қабыл болсын!”,- Қазақстан Президентінің құттықтауында айтылды.