Caspianlife, 19 ақпан. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымының мүфтилер кеңесі жанындағы Пәтуа кеңесімен кеңесе отырып, биылғы Рамазан айының басталу күнін бекітті.
ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. 26-нан 27 наурызға қараған түн – қасиетті Қадір түні (Ләйлатуль Қадр). 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Төралқа отырысында пітір-садақа мөлшері бекітілді. Биыл еліміз бойынша пітір-садақа мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Бұл сома екі келі ұнның орташа бағасына негізделген.
Сонымен қатар, ораза және намаз кестесін қажетті облыс, қала, аудан және ауыл бойынша (барлығы 6 мың елді мекен) PDF форматында жүктеп алуға болады. Ол үшін muftyat.kz сайтына кіріп, мына сілтеме арқылы өту қажет.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахым Қойлыбаев