CaspianLife, 18 ақпан. Кеше Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асқар Қаныбеков өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығы басқармасына қарасты кәсіпорындардың жұмысымен және саланың инновациялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің Каспий теңізі жағалауында орналасуы балық шаруашылығының стратегиялық маңыздылығын айқындайды. Алайда, өңірде негізінен бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі. Балық түрлерін көбейту және акваөндірістік әлеуетті кеңейту мақсатында жаңа жобалар іске асырылуда.
Солардың бірі – «Каспий албырт тұқымдас балығының аналық үйірін қалыптастыру және инкубациялық цех құру» жобасы. Ол Ақтау қаласындағы «Сұлтан Агро» ЖШС жылыжай кешені базасында жүзеге асырылуда. Арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) қолдауымен іске асырылып жатқан бұл бастама өңірдегі акваөндірістің дамуына серпін беріп, балық шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
Бұдан кейін Асқар Қаныбеков Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының «Жануарлар дүниесін қорғау қызметі» коммуналдық кәсіпорнына барды. Бұл мекеме балық шаруашылығына арналған су айдындары мен учаскелердің резервтік қорын қорғаумен, сондай-ақ жануарлар дүниесін сақтау және тиімді пайдалану шараларын ұйымдастырумен айналысады. Олар экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытында түрлі іс-шараларды жүзеге асырады.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі балық шаруашылығының дамуы және алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)