Caspian Life, 5 ақпан. Жыл басталмай жатып өңірде үш адам өз-өзіне қол жұмсаған. Соның бірі — «Алмагүл» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің 8-қабатынан секірген 45 жастағы әйел. Әлеуметтік желіде бұл оқиға қызу талқыға түсті. Мәселені бір жақты қылу керек деп пікір қалдырғандар көп. Өйткені ашық жатқан балконға өмірін қиюға асыққандар әбден үйір болған. Сол үйдің тұрғындары да бұл жағдайға алаңдаулы. Солардың бірі — Абай Бишенов. Оның “Алмагүл” ықшам ауданында тұрғанына 11 жыл. Осы уақыт аралығында бірнеше өлімнің куәсі болдым, дейді ол.
Ал полицейлер болса, адамдардың өзіне қастандық жасауына түрлі себеп барын, Алмагүлде қайғылы жағдайдың жиілеуіне байланысты жергілікті атқарушы органға ұсыным бергенін айтады.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы
Алмагүл ықшам ауданындағы көпқабатты үйлер 2005-2007 жылдары бой көтерген. 16-сы 9 қабатты, 8-і 16 қабатты. Әу баста балкондар өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, төтенше жағдай кезінде тұрғындарды эвакуациялау үшін орналастырылған. Жергілік атқарушы орган өкілдері “тұрғын үй құрылысы жобаға сай, оған өзгеріс жасау тұрғындардың өз еркі” деп отыр.
Ғасырбек ТӨЛЕГЕН, Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы
Нақты ол балкондарды нысаналық мақсатын өзгерту бойынша ешқандай тұрғындардан негізі тікелей ұсыныс пікір түскен жоқ. Бірақ алайда осы кез-келген тұрғын үйлерді басқару тәртібі бар. Басқару тәртібі тұрғын үй қатынастары туралы заңнамамен сәйкестендіріледі. Сол заңнамаға сүйенсек, сол жаңағы конструкциялық құрылымның өзгертілуін тұрғындар КСК мен бірлесіп жалпы пікірталасқа салып, ұжымдық түрде келісім жасау керек. Оны өзгерту мақсатында. Бірақ бірінші кезекте оның нысаналық мақсатын ұмытпаған жөн.
Қалай десекте, бұл мәселе әлі күнге ашық күйінде қалып отыр. Өйткені, қауіпсіздік мәселесі қай-қай жағынан да маңызды. “Арбаны да сындырмас, өгізді де өлтірмес” шешімді тұрғындар мен жергілікті билік өкілдері бірігіп қабылдауы тиіс. Айта кетейік, былтыр облыста 12 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Тағы 12-сі осындай әрекетке баруға оқталыпты.
Жарқынай Қанатова