CaspianLife, 30 қаңтар. Бұл ұсынысты өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында көтерді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұрдәулет Қилыбай бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, оның ішінде 100 жергілікті студентті Түркияда тегін тағылымдамадан өткізу бастамасын ұсынды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерін шетелде біліктілігін арттыру курстарына жіберу, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді бәсекелестік ортадан шығарып, жергілікті әкімдіктердің балансына беру мәселелерін көтерді.
Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 280 дәрігер жетіспейді. Кадр тапшылығының негізгі себептері – шақырылған мамандарға жеткілікті әлеуметтік қолдаудың болмауы және білікті дәрігерлердің аздығы.
— Қазіргі таңда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мамандарға 100 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы және бюджеттік несие ұсынылады. 2024 жылы облыстық грант аясында 198 орын бөлінді. Сондай-ақ, 24 білікті дәрігер өңірге шақырылды, ал 33 маман үшін пәтерлер немесе жатақханалар жалға алынған. Ақтау қаласына көшіп келген дәрігерлерге 3 млн теңге, Жаңаөзенге – 5 млн теңге, аудандық деңгейде қызмет ететіндерге – 8,5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған, – деді Бекболат Ізбасаров.
Сессияның қорытындысы бойынша Нұрдәулет Қилыбай өңірді дамытуға бағытталған бірнеше бастаманы атап өтті:
— Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент өңірімізде инфрақұрылымды дамыту мен туризмді ілгерілетудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
— Сонымен қатар, 100 студентті Түркияда туризм саласы бойынша тегін тағылымдамадан өткізу және дәрігерлердің біліктілігін арттыруды жоспарлап отырмыз.
— Ақтау қаласында коммуналдық қызметтерді, соның ішінде көшелерді тазалау және абаттандыру жұмыстарын әкімдік балансына беру мәселесі қарастырылуда.
— Өңірге білікті медициналық мамандарды тарту үшін ұсынылған қаржылық қолдауды арттыруымыз мүмкін, сондай-ақ тұрғын үй салу мәселесін қарастыру қажет.
— Алда үлкен жобалар күтіп тұр. Біз бұл жауапты жұмысты бірлікпен, жұмыла атқарамыз деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)
Дереккөз: www.caspianlife.kz