CaspianLife, 27 қаңтар. Қазақстандық «Taraz» танкері Қашаған мұнайымен Ақтау портынан Баку портына жол тартты. Бұл жеткізілім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық көмірсутектерді экспорттаудың балама бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының бастамасымен жүзеге асырылуда.
Ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнай кейін Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыр жүйесі арқылы Жерорта теңізіне тасымалданады. Экспорттаушы – «ҚМГ Қашаган Б.В» компаниясы. Бұл қадам Транскаспий халықаралық көлік маршрутын әрі қарай дамытуға ықпал етеді.
2022 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мен Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR арасында қазақстандық мұнайдың транзиті туралы бас келісімге қол қойылған болатын. Ал 2024 жылдың наурыз айында ҚМГ мен SOCAR арасында Әзербайжан Республикасы аумағы арқылы мұнай транзитін кезең-кезеңмен арттыру туралы келісім жасалды. Құжат жылына 2,2 миллион тоннаға дейін мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуды көздейді.
Анықтама:
«ҚМГ Қашаган Б.В» – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы, ол Солтүстік Каспий өнімдерін бөлу туралы келісімге (ӨБК) сәйкес қазақстандық үлесті басқарады. Компанияның келісімдегі үлесі – 16,88%. Ол ҚМГ мүдделерін ӨБК аясында білдіреді және Каспий теңізіндегі Солтүстік Каспий жобасы (СКЖ) шеңберінде көмірсутек ресурстарын барлау және өндіру операцияларына қатысады. «ҚМГ Қашаган Б.В» өз үлесіндегі өнімді тасымалдау және сатумен өздігінен айналысады.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахим Қойлыбаев