CaspianLife, 27 қаңтар. Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында құрылысы ұзаққа созылған нысандарды бақылауға алды. Бұл нысандарда құрылыстың аяқталу мерзімдері бұзылған және ұрлық тәуекелдері бар.
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, мұндай нысандар саны сегізге жеткен. Солардың бірі – Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы 200 орындық Мәдениет үйі. Бұл нысанды жұмыс сапары барысында департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин барып көрді.
Аталған нысанның құрылысына 2017 жылы шамамен 260 млн теңге бөлінген. Алайда құрылыс аяқталмай қалған. Бұл жағдай сот ісіне алып келіп, оның нәтижесінде Атырау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мердігер «Строй проект-2017» ЖШС-мен келісімшарт бұзылды.
Мәселені шешу үшін департамент пен облыс әкімі проблемалық нысандардағы заңбұзушылықтарды жою және құрылысты аяқтау бойынша жоспар бекітті. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік органдарға, қала және аудан әкімдіктеріне бірқатар тапсырмалар берілген жиындар өткізілді.
«Нәтижесінде, Мәдениет үйінің құрылысын аяқтау үшін жаңа мердігер – «Гранд Мастер» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыс қайта жанданды. Қазіргі уақытта нысан 95 пайызға аяқталды, қажетті жабдықтардың жеткізілуі күтілуде. Құрылыс биылғы жылдың ақпан айының ортасында толық аяқталады», – деп хабарлады Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.