Caspianlife, 27 қаңтар. Өңірлерде су тасқынының алдын алу шараларын қамтитын республикалық және өңірлік кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда. Су тасқыны қаупі бар аумақтар мен елді мекендер анықталды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны кезеңіне дайындық аясында инфрақұрылымды нығайтуға және қауіп-қатерді азайтуға бағытталған жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Негізгі шараларға қорғаныс бөгеттері мен үйінділерін салу және нығайту, су бұру арналары мен арықтарын орнату, сондай-ақ су өткізгіш құрылғылар мен жауын-шашын кәріз жүйесін жөндеу жатады. Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында өңірлерде су тасқынына қарсы айлық іс-шаралар жүргізілуде.
Хабарламада 2024 жылы Атырау облысында ұзындығы 250 км болатын жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілгені атап өтіледі.
Сонымен қатар, жағалаудың осал жерлерін бекіту және қосымша бөгеттерді салу мен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны нақтыланады:
- Алмалы ауылдық округінің Алмалы ауылы маңындағы Жайық өзенінде;
- «Сарыөзек» каналының бойында;
- Қайыршақ ауылдық округіне қарасты Талғайран ықшамауданы мен Талғайран-2 ауылындағы су және кәріз жүйесінің сорғы станцияларының айналасында;
- Бесікты және Ақжар ауылдарында.