Caspianlife, 23 аңтар. Атырау қаласындағы Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежай болашақта «Ашық аспан» режимінде жұмыс істейтін болады. Бұл жергілікті атқарушы орган мен көлік министрлігінің, сондай-ақ үкіметтің қолдауымен жасалған бірлескен жұмыстың нәтижесі.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аймақтық коммуникациялар қызметіне берген сұхбатында хабарлады. Оның айтуынша, жаңа режим әуежайдың және аймақтық экономиканың дамуына елеулі әсер етеді, халықаралық және ішкі рейстердің санының артуына, сондай-ақ Батыс Еуропа, Таяу Шығыс, Азия сияқты маңызды бағыттар бойынша тікелей әуе қатынасының орнауына әкеледі. Сондай-ақ бұл авиакомпаниялар арасында бәсекелестікті күшейтіп, билет бағаларын төмендетуге ынталандырады. Жүк тасымалының дамуы шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
Биыл қазіргі әуежайда жаңа терминал кешенінің құрылысы басталады. Инвестициялық жоба аясында жаңа терминал кешенінің алаңы 16 500 шаршы метрді құрайды. Шетелдік компания нысанды үш жаңа телескопиялық траппен жабдықтайды. Сондай-ақ ұшу-қону жолағының айтарлықтай кеңейтілуі жоспарлануда.
— Бұрын хабарланғандай, өткен жылы инвестормен меморандумға қол қойылған болатын. Әуежай құрылысын биыл бастау жоспарланып, келесі жылы толық аяқталады. Қазіргі уақытта әуежай жылына 1,2-1,3 миллион жолаушыны қабылдайды, ал жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш жылына 6 миллионға дейін артады, — деді Қайрат Нұртаев.
Атырау облысы әкімдігі мен QazAir Investments LLC арасында жасалған меморандум аясында әуежайды инвесторға сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа әуежай жалпы логистикалық орталық ретінде дамуы мүмкін, ал Атырау мұнай-газ саласы үшін маңызды хабқа айналады. Туризм саласының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Жаңа халықаралық және ішкі рейстер ашылып, Атыраудың басқа қалалар мен елдермен байланысы нығаяды.
Қазіргі уақытта Атырау халықаралық әуежайы аптасына жеті бағыт бойынша 89 ішкі рейс, ал алты халықаралық бағыт бойынша 21 рейс орындайды.
Сурет: Рахим Койлыбаев