CaspianLife, 23 қаңтар. Атырауда жалпы ұзындығы 27,5 шақырымды құрайтын солтүстік айналма жолының құрылысы 2026 жылы аяқталуы жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевқа сілтеме жасап хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жолдың жеті шақырымына негізгі қабат төселіп, асфальт жабынының төменгі қабаты салынған. Сондай-ақ көпір мен жол айырықтарының қадалары орнатылған.
«Бұл айналма жол басқа өңірлерден келген жүк көліктерінің Атырау қаласына кірмей-ақ өз бағыттары бойынша немесе көрші мемлекетке өтуіне мүмкіндік береді. Осылайша, жақын арада бұл ірі жоба көлік және логистика саласының экономикалық өсуіне ықпал ететін болады», — деді Қайрат Нұртаев.
Сондай-ақ, солтүстік айналма жолының құрылысы 2023 жылы басталғаны атап өтілді. Жоба аясында Жайық өзені мен Сарыөзек каналы арқылы көпірлер, сондай-ақ үш жол айырығы салынады. Жайық өзенінің оң жағалауында «Атырау-Орал» жолының 10-шы километрін, ал сол жағалауында «Атырау-Индер» облыстық жолының 9-шы километрін байланыстыратын жол құрылысы қарастырылған.