CaspianLife, 20 қаңтар. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайында берген тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы 1 700 шақырымнан астам газ желілері салынып, 300 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын арттырып, экологияға келетін зиянды азайтады, баламалы отын сатып алу шығындарын қысқартады әрі өңірлердің инвестициялық тартымдылығын көтереді.
2025 жылы мемлекет тарапынан 7 елді мекенді газдандыру бойынша 45 жобаны іске асыруға 65,9 млрд теңге бөлінген. Бұл жобаларды жүзеге асыру елдегі газдандыру деңгейін 62 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік береді, яғни 12,4 миллионнан астам адам газға қосылады деп күтілуде.
«Ірі жобалардың бірі Атырау облысындағы «Финская-120» автоматтандырылған газ реттегіш станциясы мен магистральдық газ құбырынан тармақ салу болып табылады. Бұл жоба Атырау қаласының еуропалық бөлігін қажетті көлемдегі газбен қамтамасыз ету үшін құбырдың өткізу қабілетін ұлғайтып, өңір өнеркәсібінің дамуына серпін береді», — делінген Энергетика министрлігінің баспасөз хабарламасында.