Caspianlife, 20 қаңтар. 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестіріледі, – деп хабарлады polisia.kz сайтынының баспасөз қызметі.
Оларды пайдалану үшін төмендегі талаптарды орындау қажет:
- мопедті полицияда тіркеу;
- А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы;
- техникалық тексеруден өту;
- азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өту.
Тіркелу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша арнайы ХҚКО-ға келесі құжаттармен жүгіну қажет:
- жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін);
- мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамалары.
Содан кейін өтініш толтырып, мопедті тексерістен өткізуге апарып, қажетті мемлекеттік баждарды төлеу керек.
Маңызды: 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап тіркелмеген мопедті пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізуге тыйым салынады.
«Бұзушылықтарды болдырмау үшін мопедті алдын ала тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынамыз», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
(Дереккөз: Polisia.kz сайтынан)