Жабылған «Астана банкінің» салымшылары өз ақшаларын әлі де алып үлгереді. Төлемдерді қайтару мерзімі келесі жылдың 28-қаңтарына дейін ұзартылды.
Естеріңізде болса, жұмысы осыдан екі жыл бұрын тоқтатылған банктің қорында сол кезде 40 миллиард теңге болды. Оның басым бөлігі агент-банк арқылы төленген, тек кейбір салымшылар түрлі себепке байланысты өз ақшаларын қайтарып үлгермепті.
Қазбек ҰЗЫҚАНОВ, «Еуразиялық банк» АОФ директоры:
– Салымшылардың өз ақшаларын алып үлгермеуіне байланысты акция ұзартылып отыр. Қазір 37 миллиард теңге төленді. Енді бар болғаны 450 млн-ға жуық қаражат қалды.
Ал төлемдерді өтеу жұмыстарын жүзеге асыратын «Еуразиялық банктың» менеджерлері процесті ұзаққа созбауға кеңес береді. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжаттың болғаны жеткілікті. Әрі қарайғы мәселе санаулы минуттарда шешіледі. Егер өтемақыны салымшының сенімді тұлғасы немесе мұрагері алатын болса, оған қосымша құжаттар керек. Сенімді тұлға үшін нотариалды куәландырылған сенімхат, ал мұрагерде оның мұраға құқығын растайтын құжаттың болғаны абзал.