CaspianLife, 9 қаңтар. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы Нұрдаулет Қилыбай жұмысшы кадрларды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Ол Маңғыстау облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іс-шаралар жоспары бекітілгенін және өңірлік штабтың жұмысын бастағанын айтты.
Жоспар бойынша 2025-2026 жылдары колледждерде оқу-лабораториялық ғимарат ашылып, халықаралық салалық аккредиттеуден өтеді, «DostiSkills-2025» халықаралық салалық чемпионаты мен жаңа идеялар хакатоны өткізіледі, IT-хабтар мен құзыреттілік орталықтары жұмыс берушілер есебінен ашылады, жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес білім беру тапсырыстары көбейтіледі, 2 жаңа мамандық ашылады. Бұл жұмыстарға бюджеттен 142 миллион теңге бөлінбек.
Мақсатты қаржыландыру аясында Есенов атындағы университет Маңғыстау облысындағы жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктер атласын әзірлеуді жалғастыруда. Биыл құрылыс, энергетика және логистика салаларына басымдық берілуде. Қазіргі уақытта осы Атласқа сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім беру бағдарламаларында микроқұзыреттіліктерді өзектендіру жұмыстары жүргізілуде.
«2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім гранттары 5 615 орынға (90%) 92 біліктілік бойынша 65 мамандыққа бөлінді. Оның ішінде 70 жұмыс беруші мен колледж арасындағы келісім-шартқа сәйкес нақты қажеттілікке байланысты 580 студент мемлекеттік білім грантына қабылданды», — деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.