Анна Чепель – Астраханнан келген жедел жәрдем стансасының дәрігері. Ол коронавирус инфекциясымен күресте екі апта бойы атыраулық ақхалаттыларға көмектесті. Аннаның сөзінше, Ресей мен Қазақстанда вирусты емдеуде аса өзгешелік жоқ. Атыраулық дәрігерлердің індетпен күрес жолында жан аямай еңбектеніп жатқандарын айтады.
Анна ЧЕПЕЛЬ, шетелдік дәрігер:
– Атыраулық дәрігерлердің жанқиярлығы мен сауаттылығын айтпай кетуге болмайды. Нағыз мамандар. Расында эпидемиологиялық жағдайға қарамастан тырысып, күресіп жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, Атырауда да, Ресейде де наурыз бен сәуір айларында жағдай ушыққанымен, қазір тұрақталған. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов көрші елден келген ақхалаттыларға алғыс білдірді.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
– Ең алдымен, бізге келіп, үлкен көмек бергендеріңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Әрине, мұның барлығы екі ел Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Мұндай қиын кезде келіп, қол ұшын созғандарыңыз – нағыз ерлік.
Еске салайық, шілденің ортасында өңірге Мәскеу мен Астраханнан медициналық көмек көрсетуге дәрігерлер келген еді. Делегация құрамында анестезиолог-реаниматолог, пульмонолог, инфекционист пен балалар дәрігері бар.