«Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті, туристік және инвестициялық әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыруды тапсырған болатын. Менің ойымша, бұл кеңсенің ашылуы осы жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл кеңсе мәдениеттер арасындағы диалог алаңына айналып, жаңа идеялар мен креативті шешімдерді ілгерілетуге үлес қосады. Бұл бастама арқылы тек өзара түсіністікті арттыратын ғана емес, жаһандық медиа кеңістікті байытатын жобалар дүниеге келетініне сенімдімін», – деді министр.
Euronews-пен ынтымақтастық аясында арна қыркүйек айында Астанада өткен Көшпенділердің Дүниежүзілік ойындарының ақпараттық серіктесі болды. Трансляция әлем бойынша 39 миллионнан астам адамды қамтыды. Сондай-ақ, қазақ халқының инвестициялық жобалары мен мәдени мұрасына арналған он бағдарлама, репортаж және сұхбат жарық көрді.
«Қазақтар – Ұлы Дала өркениетінің мұрагерлері, Орталық Еуразиядағы көкпаршы көшпенді халықтардың мемлекеттілік дәстүрінің ізбасарлары. Қазақ хандығы 1465 жылы Алтын Орда күйрегеннен кейін құрылып, кейіннен тәуелсіз мемлекет ретінде қазіргі Қазақстан Республикасының қалыптасуына әкелді. Келесі жылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан 20 миллион халқы бар әлемдегі ең ірі 40 экономика қатарынан орын алып, көптеген экономикалық және саяси реформалармен үлгі боларлық жолды көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен бірнеше саяси реформалар табысты жүзеге асырылды. Осы өзгерістердің арқасында бүгін тарихи сәт – Астанадағы Euronews кеңсесінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Біз Қазақстанның экономикасы, мәдениеті және мұрасы туралы халықаралық аудиторияны ақпараттандыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз. Қазақстандық кәсіпкерлермен, суретшілермен және таланттармен жұмыс істеп, Қазақстанның жаңа шындығын және жарқын болашағын көрсететін үш түпнұсқалық телешоу әзірлейміз», – деді өз кезегінде «Euronews» Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас.
Ынтымақтастықтың негізгі элементі – Euronews Academy жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба отандық телеарна қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру үшін оқыту тренингтері мен шеберлік сабақтарын өткізуді көздейді. Бұл қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсіби дағдыларына оң әсер етеді.
Қазіргі уақытта жиырма жоба әзірленуде. Олардың ішінде мәдениет, өнер және өмір салты туралы «Modern Nomads» шоуы, бизнес пен экономикаға арналған аймақтық «East-West Connect» шоуы және өңірдің белгілі тұлғаларымен сұхбат жүргізетін «Voices from Central Asia» бағдарламасы бар.
(ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)