CaspianLife, 18 желтоқсан. Атырау қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында соңғы төрт жылда құмар ойындарға 800 миллионнан астам теңге жұмсаған 326 борышкер анықталды.
Қадағалау органының мәліметінше, 45 борышкерге құмар ойын сайттарына кіруге шектеу қойылды. Сонымен қатар, он бір тұрақты төлемейтін борышкерге алимент төлеуден жалтарғаны үшін алдын ала тергеу басталды. Тағы 14 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокурорлар сондай-ақ, әрекетсіздік танытқаны үшін 69 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын және екі жеке сот орындаушысының қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылғанын нақтылады.
«Борышкерлерге ескерту жасаймыз, алимент төлеу міндеттемелерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 669-бабы және Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратура органдарының ерекше бақылауында», — делінген қадағалау органының хабарламасында.