Caspianlife, 16 желтоқсан. Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласы арасында күн сайын 53 орындық үш автобус қатынайтын болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) мәліметінше, жол ақысы – жолаушы үшін 2 мың теңге. Балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 50% жеңілдік қарастырылған.
— Атырау қаласының автобекетінен автобустар сағат 07:00, 12:00 және 19:00-де, ал Құрманғазыдағы «Қазақтелеком» кеңсесі ғимаратынан сағат 06:00, 11:00 және 17:00-де шығатын болады. Маршрутқа жауапты кәсіпорын – «Akzhayik Avtopark» ЖШС, – деп мәлімдеді Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Жампейісов.
ӨКҚ хабарламасында Атыраудан Құрманғазы аудан орталығына автобус бағыты 16 желтоқсаннан бастап жұмыс істейтіні, ал алғашқы рейс Құрманғазыдан облыс орталығына 17 желтоқсанда шығатыны нақтыланған. Жолаушылар билеттерді автовокзал кассаларынан және Atyraubus.kz сайтынан сатып ала алады.