Caspianlife, 14 желтоқсан. Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) өзінің фирмалық бланкісін пайдалана отырып, азаматтарға жалған құжаттар жіберу арқылы алаяқтық схемалардың жиілеп кеткені туралы хабарлайды.
Ұлттық Банктің сайтында жарияланған мәлімдемеде көрсетілгендей, алаяқтар Ұлттық Банк атынан жалған хаттар жолдап, онда алушыларға олардың алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғаны туралы хабарлайды. Сонымен қатар, алаяқтар ақшалай аударымдарды «қауіпсіз қайтару» және «клиринг процедурасынан өтуге байланысты қаржылық міндеттемелерді төлеу» үшін қаражат аудару қажеттігін талап етеді.
«Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарын жүргізбейтінін, ақша қаражатын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз. Бұл хабарламалар интернет-алаяқтар арқылы WhatsApp мобильді қосымшасы, электрондық хаттар және әлеуметтік желілер арқылы таратылуда», – делінген Ұлттық Банктің мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, жалған хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады. Мұндай схемалар «Қазақстан Ұлттық Банкінің» немесе «құқық қорғау органдары қызметкерлерінің» атынан жасалуы мүмкін, алаяқтар «аударымдарды алаяқтық әрекеттерден сақтандыру процедурасы», «қаржы мекемелеріндегі алаяқтарды ұстау», «арнайы органдардың жедел тексерулері» және мемлекеттік органдардың «бірлескен арнайы операцияларына» қатысу сынды сылтауларды пайдалануы мүмкін.
«Егер сіз немесе таныстарыңыз алаяқтық схемаларға тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуді ұсынамыз. Консультация алу үшін Ұлттық Банктің байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады», – деп атап өтті Ұлттық Банк.