CaspianLife, 12 желтоқсан. Бүгін Атырауда «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ басшылығы компания қызметкерлерімен 2025-2027 жылдарға арналған Ұжымдық еңбек шартына қол қойды.
Құжатқа қол қою рәсіміне «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директоры Николай Горбань, «КҚК-Қ» АҚ-ның Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі бас директордың орынбасары Қайыргелді Қабылдин, сондай-ақ «КТК-К» АҚ еңбек ұжымы өкілдері қатысты.
«Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК) баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл келісім 2023-2025 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларында әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім» негізінде әзірленген.
«Ұжымдық келісім КҚК тарихында алғаш рет қабылданып отыр және компанияның өндірістік қызметі үшін қолайлы жағдай жасауға, жұмыстың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», — делінген КҚК сайтындағы хабарламада.
Сонымен қатар, Ұжымдық келісім компанияның әлеуметтік бағдарламалар пакетін оңтайландыруды ескере отырып жасалғаны атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылы компания басшылығы, жауапты бөлімшелер және «КТК-Қ» АҚ қызметкерлерінің сайланған тобының қатысуымен жүргізілді.
«Атап айтқанда, жыл сайынғы демалысқа берілетін бір реттік жәрдемақы мен Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне төленетін сыйақы мөлшері ұлғайтылды. Қызметкерлердің спортпен айналысу шығындарын өтеу көлемі артты, компания қызметкерлерінің балаларына арналған жаңа жылдық сыйлықтардың құны өсті, сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелердегі балаларды қамтамасыз етуге арналған шығындарды өтеу сомасы белгіленді. Сонымен қатар, қызметкерлердің балаларына жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқуына ішінара демеушілік көрсету қарастырылған», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, КҚК-де жеті жылдан кем емес жұмыс істеген және зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерлерге жұмыстан шыққаннан кейін Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орай төлемдер қарастырылған.
Ұжымдық келісім КҚК басшылығы мен қызметкерлері арасында үш жыл мерзімге қол қойылып, 2025 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді.
(Сурет КҚК сайтынан)