CaspianLife, 4 желтоқсан. Атырау облысында облыста салынған бөгеттерді, сондай-ақ каналдар мен басқа да гидрологиялық нысандарды күтіп ұстаумен айналысатын «Табиғат» атты кәсіпорын құрылды.
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
– Көктемге дейін біз осы бөгеттердің сапасын тексеріп, қажет болған жағдайда оларды қосымша күшейтеміз. Жылыой ауданында су тасқынының алдын алу үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Құрсай каналы мен Жем өзенінің 95 шақырымында тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта 43 шақырым тазартылып, тереңдетілді. Бұл жұмыс жалғастырылатын болады, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Жылыой ауданында Құлсары қаласын, Шоқпартоғай, Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдарын қорғау үшін бөгеттер салынатын болады. Сондай-ақ, ұзындығы 6,6 км болатын Күржем каналы, Қамыскөл және басқа да көлдер тазартылып, суды өткізу құрылыстары қайта жөнделеді.
Өз сөзінде облыс әкімі Серік Шәпкенов жаңа жылдан бастап облыстық жедел штабы су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру бойынша жұмысын қайта бастайтынын атап өтті.