CaspianLife, 12 қараша. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов пен Ақтау қаласындағы Өзбекстан Республикасының жаңа бас консулы Жамолиддинхужа Абдузукир-оғлы Абдукаримовтың кездесуі өтті.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде өңірдің сауда-экономикалық әлеуеті таныстырылды. Сонымен қатар, тараптар Маңғыстаудың болашағы, екі ел арасындағы сауда қатынастарын дамыту бағыттары туралы талқылады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, экономикалық байланыстарды кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері көтерілді.
Ербол Ізбергенов екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, Маңғыстау облысы тарапынан толық қолдау көрсетілетінін айтты.
— Біз бұл кездесудің екі ел арасындағы өзара сенімділік пен серіктестік қатынастарын нығайтуға, сондай-ақ экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Өзбекстанмен бірге өңірдің әлеуетін арттыру мақсатында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істейміз, — деді Ербол Ізбергенов.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы жылдары Өзбекстан мен Маңғыстау облысы арасындағы сауда-экономикалық қатынастар айтарлықтай нығайды, ал 2024 жылдың қаңтарынан тамызына дейінгі кезеңдегі өзара тауар айналымы 5,8 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт көлемі 3,2 млн. АҚШ долларын, ал импорт 2,6 млн. АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысында сауда, логистика, құрылыс және басқа да экономиканың салаларында жұмыс істейтін өзбек капиталының қатысуымен 140 кәсіпорын тіркелген.
(Сурет: Маңғыстау облысының әкімінің баспасөз қызметі)