CaspianLife, 12 қараша. Жұмыс сапарымен Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев болды.
АМӨЗ баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация құрамында сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов, оның орынбасары Әлібек Бекмұхамбетов, Атырау облыстық экология департаментінің уақытша басшысы Ерлан Есенов, мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының сарапшылары, сондай-ақ экология департаментінің өкілдері, KAZENERGY ассоциациясының және «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰҚ өкілдері болған.
Кездесу барысында «АМӨЗ» ЖШС жобалары талқыланды, олар өндірістік процестің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған. Зауыт мамандары қонақтарға жаңа механикалық тазарту қондырғылары (МТҚ) мен ағынды суларды биологиялық тазарту станциясының жұмысы туралы айтты. 2024 жылдың мамыр айында МТҚ реконструкциясы аяқталды, нәтижесінде көмірсутек иістерінің ашық көздері жойылып, тазарту жүйесінің өнімділігі артты, мұнай шламын өңдеу көлемі ұлғайды, өндірістік ағынды сулардың тазарту сапасы жақсарды.
Кездесу кезінде ерекше назар эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге аударылды. Делегацияға катализаторды үздіксіз регенерациялау жүйесімен каталитикалық риформинг қондырғысының және жылу мен электр энергиясын өндіру қондырғыларының түтін мұржаларындағы жүйенің жұмысын көрсетті. «АМӨЗ» мамандары МАЖ жүйесінің көмегімен тек эмиссия көрсеткіштерін бақылап қана қоймай, қажет болған жағдайда технологиялық көрсеткіштерді жақсарту үшін режимді түзететіндерін атап өтті.
«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев қазіргі уақытта кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп жатқанын және тауарлық өнімнің тұрақты өндірісі мен тасымалдануын қамтамасыз етіп жатқанын мәлімдеді.
Кездесуді қорытындылай келе, Жомарт Әлиев өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартудың маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорын басшылығына тиісті жобаларды іске асыруды күшейтуді тапсырды.