CaspianLife, 6 қараша. Атырау қаласында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов пен Каспий Құбыр Консорциумының бас директоры Николай Горбаньдың жұмыс кездесуі өтті.
КҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде тараптар Атырау облысындағы консорциумның әлеуметтік-ізгілік қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Баспасөз қызметі Талғайран шағын ауданында (Атырау қаласының маңы) жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін еске салды. Жоба 2022 жылы КҚК қолдауымен басталған болатын. Жаңа оқу орнының қажеттілігі Талғайран ықшам ауданының қарқынды дамуы нәтижесінде туындаған.
«Жаңа мектептің жалпы ауданы үш гектарды құрайды, ол 900 оқушыға арналған. Мектеп ішінде медициналық пункт, екі спорт зал, 210 орынға арналған акт залы және 312 орындық асхана орналастырылады. Құрылыс барысында мектеп аумағын абаттандыруға ерекше назар аударылған: онда футбол алаңы мен жүгіру жолы бар стадион, волейбол ойнауға арналған спорт алаңы, тренажерлермен жабдықталған аймақ, теннис корты, сондай-ақ бастапқы әскери дайындық алаңдары бар. Сонымен қатар, мектеп автобустары мен жеке автокөліктерге арналған автотұрақ, мүгедектер үшін арнайы орындар да қарастырылған. Құрылыс жоспарына сәйкес, мектеп үш блокқа бөлінген – бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін. Ғимаратта оқу залдары бар екі кітапхана орналасқан. Мектеп кабинеттері қазіргі заманғы оқу және мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Құрылыс және әрлеу жұмыстары соңғы кезеңде жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Атырау облысында Каспий Құбыр Консорциумының төрт мұнай айдау стансасы орналасқаны атап өтілген: «Теңіз», «Атырау», «Исатай» және «Құрманғазы». КҚк-ның облыс бойынша әлеуметтік бағдарламалары 2000 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Консорциум жыл сайын Қазақстанда қайырымдылық жобаларына 3 миллион доллардан астам қаражат бөледі. 2001 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта компания Атырау облысындағы қайырымдылық жобаларына шамамен 14 миллиард теңге жұмсады.