Caspianlife, 6 қараша. Маңғыстау облысының прокуратура қызметкерлері онкологиялық аурулармен ауыратын азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу рәсімінің заңдылығын талдап шықты.
Прокуратураның мәліметінше, талдау нәтижелері бойынша, қолданыстағы заң талаптарына қайшы 3-4 топтағы онкологиялық аурулармен ауыратын және паллиативті көмек алатын 661 азаматтың мүгедектік рәсімдеу және кепілді әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігі шектелгені анықталды.
«Аталған науқастардың арасында, олардың бір бөлігі «Д» есебінде бес жылдан астам уақыт тұрған болса да, емдеуші дәрігерлер мүгедектік тағайындау, еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін анықтау және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын енгізу мәселелерін көтермеген», — деп хабарлайды прокуратура.
Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қазіргі таңда бұзушылықтар жойылып, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы аталған тұлғаларды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін жіберу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл процесс облыс прокуратурасының бақылауында.