CaspianLife, 4 қараша. Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Кезби» ЖШС-нің атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы («аса ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-каналында хабарланғандай, «… ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 миллион теңгені жымқырды және 1,5 миллиард теңге көлемінде салық төлеуден жалтарды».»
«2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен жөндеу жұмыстары бойынша бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен келісімшарттар жасасты. Кейін, жұмысшылардың әлеуметтік пакетін, соның ішінде жалақы мен медициналық жәрдемақыларды арттыру мақсатында, қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, тергеу мәліметтері бойынша, қаражаттың едәуір бөлігі, атап айтқанда 321 миллион теңге, компания басшысы тарапынан қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартпай жымқырылған», — делінген хабарламада.
Кеше 3 қарашада, күдікті Кезбаев ұсталды. Қазіргі уақытта жасалған қылмыстың барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.