CaspianLife, 31 қазан. Аймақ басшысы Серік Шапкенов жұмыс сапары барысында Махамбет ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, С.Шапкенов алдымен Талдыкөл ауылындағы кіре беріс жолдың жағдайын тексерді. Жалпы ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын жолдың қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдың тамызында басталғанымен, негізгі бөлігінің тығыздығы нормаға сай емес. Осыған байланысты жобаға түзету жұмыстары басталды.
«Содан кейін облыс әкімі Талдыкөл ауылында Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстарын тексерді. Қазіргі уақытта Талдыкөл ауылының судан қорғану бөгеті үш шақырымды құрайды. 2025 жылы су тасқынының алдын алу мақсатында 2,1 км бөгетті қайта жөндеу және 500 метр жерге уақытша қапшық төсеу жоспарланған, жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Серік Шапкенов жауапты мамандарға Жайық өзенінің су деңгейі көтерілмей тұрып жұмыстарды жеделдетуді тапсырды», — делінген әкімдіктің баспасөз қызметі хабарламасында.
Еске салайық, биыл 13 мамырда Жайық өзенінің суы жағасынан шығып, даланы басып, Талдыкөл ауылына кіретін жолға жақындады. Су басу қаупіне байланысты ауыл тұрғындарын эвакуациялау басталды. 13 мамырда ауылдан 207 тұрғын Атырау қаласына эвакуацияланды, ал 422 адам туыстарында орналасты. Оныншы күні жағдай одан әрі қиындап, жергілікті билік 25 мамырда толық эвакуацияны бастауға мәжбүр болды – сол уақытта ауылда 255 тұрғын қалды. Осылайша, мамыр айында Талдыкөл ауылынан жалпы 1,2 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл қиын күндерде ауылға ТЖД және армия бөлімшелері, сондай-ақ қосымша полиция күштері жіберілді.
(Суретте: Атырау облысы, 2024 жыл, көктем (автор: Р.Койлыбаев).