CaspianLife, 17 қазан. Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) жоспарлы-алдын алу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының (ҚМГ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонна жабдығының ішкі құрылғыларын модификациялау және т.б. жұмыстар атқарылып жатыр. Қысыммен жұмыс істейтін құралдарды тексеру мен қадағалау жөніндегі іс-шаралар жалғасуда.
«Жоспарлы-алдын алу жұмыстары кезінде бұрын жинақталған қордың арқасында бензин, дизель отыны, сұйытылған газ, авиаотын және басқа да мұнай өнімдері ҚР Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес тұрақты және жүйелі түрде жөнелтіліп жатыр», — деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда зауыт резервуары паркінде мұнай өнімдері қорының көлемі мынадай:
Автобензин — 10,9 мың тонна;
Дизель отыны — 4,1 мың тонна,
Авиаотын — 2,4 мың тонна,
Сұйытылған газ — 100 тонна.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, қазіргі таңда Атырау мұнай өңдеу зауыты күніне орта есеппен 1,1 мың тонна автобензин, 1,2 мың тонна дизель отынын жөнелтіп отыр. Батыс Қазақстан облысының мұнай базаларында 16 қазанға қарай АИ-92 маркалы бензиннің 2,7 мың тоннасы сақталуда. Жолда шамамен 1,29 мың тонна өнім бар. АИ-92 жалпы көлемін (мұнай базасында + жолда) ескерсек, өңірде барлығы 3,98 мың тонна бензин бар, бұл шамамен екі апталық қорға тең.