Атырауда көршілерінің қонақ шақырғанын байқаған тұрғындар бірден құқық қорғау органдарына хабарласқан. Індеттің індеп тұрған мезгілінде вирустың одан бетер таралмауы үшін осындай қадамға да баруға тура келген екен.
– Күні кеше үйінде баласының туған күнін тойлаған қала тұрғынына айыппұл салынды. Мерекелік шараға 15 шақты адам қатысқан. Оны тұрғындар байқап қалып, құзіретті органдарға хабарлаған. Құқық қорғау қызметкерлері дереу іске көшіп, жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде айыппұл салған, – деді Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабұлов.
Атырау облысында соңғы 10 күнде карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін 73 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде, 38 жеке, 35 заңды тұлғаға жалпы көлемі 13,5 млн. теңге айыппұл салынған. Заңбұзушылықтың негізгі себебі – тұрғындардың қоғамдық орындарда бетперде тақпауы мен арақашықтықты сақтамауы. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандарда дизенфекциялық құралдардың болмауы мен олардың шектелген уақыттан тыс жұмыс істегендері анықталған.
Бір жарым миллион көлеміндегі айыппұл жеке тұлғаларға салынса, кіші және орта кәсіп иелерінің мойнына 12 млн. теңге ілінген.