CaspianLife, 18 қыркүйек. Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) биылғы жылдың 1 қазанынан бастап жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізу жоспарланған.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының (КМГ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай жұмыстар Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» заңына және энергетика министрлігінің бекітілген жоспар-графигіне сәйкес жүргізіледі.
Жоспарлы алдын алу жұмыстары — бұл технологиялық қондырғылардың алдағы уақытта да қауіпсіз қызметін қамтамасыз ету, жабдықтың тұрақты жұмыс істеуін қадағалау және өндіріс тиімділігін арттыру үшін мұнай өңдеу зауытында өткізілетін қалыпты процедура. Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде АМӨЗ-де технологиялық жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру және сараптау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу, зауыт тоқтаған кезде реакторлық жабдықтың катализаторларын ауыстыру жоспарланған.
«Жоспарлы-профилактикалық жұмыстарда 2 мыңнан астам жұмысшы және 70-ке жуық арнайы техника тартылатын болады», — делінген КМГ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығындағы тұрақты жағдайды қамтамасыз ету мақсатында АМӨЗ-де мұнай өнімдерінің бүкіл желісі бойынша жеткілікті қор көлемі жинақталып жатыр. Мұнай өнімдері ішкі нарыққа ҚР Энергетика министрлігінің жеткізу кестесіне сай жөнелтілетін болады. Сонымен қатар Павлодар мұнай-химия зауыты және Шымкент МӨЗ-і мұнай өнімдерінің өндірісін штаттық режимде жалғастырады.