CaspianLife, 11 қыркүйек. Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлерге бірден айыппұл салынуы мүмкін.
Бұған дейін заң бұзғандарға алғашында ескерту берілетін. Алайда, көбі оған селқос қарайтын көрінеді. Сол себепті Сауда және интеграция министрлігі әкімшілік жазаны қатаңдатуды ұсынып отыр. Яғни, ескертудің орнына кәсіпкерге 5-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұл салу көзделген.
Жалпы қолданыстағы заң бойынша әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдеріне қойылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек. Биыл бұл талапты орындамағаны үшін 28 кәсіпкер жауапқа тартылыпты. Оның 7-і айыппұл арқаласа, қалғандары ескертумен құтылған.