CaspianLife, 6 қыркүйек. Сессияға еліміздегі 100-ден аса ғылыми зерттеу институты мен университеттің ғалымдары және технологиялық, академиялық мекеме өкілдері қатысты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Олар мұнай-газ саласындағы өзекті 15 мәселені талқылап, алдағы жұмыс барысына жоспар құрды.
— «Ембімұнайгаз» АҚ- да 35 кен орны бар. Олардың басым бөлігі 1950-1960 жылдардан бастап мұнай өндіруде. Кен орындары ескіргендіктен техника, технологиялық, геологиялық этапта, мұнай өндіруде, жер бетіндегі инфрастуктурасында өзіндік мәселелері болады. Бүгін осы проблемалық жағдайлар талқыланып, жоспар жасалды. Енді жоспар бойынша жасалатын жұмыстар нәтижелі болады деп сенеміз, — деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Асқар Мұнара.
Ауқымды іс-шараны «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, «Ембімұнайгаз» АҚ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды.